навигация

АТОМ жобасы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай іс-шаралар өткізуде

27 тамыз 2014

Осыдан алпыс бес жыл бұрын Кеңестер Одағы Қазақстанның солтүстік-шығыс өңірінде өткізген 456 ядролық сынақтың алғашқысын жүзеге асырды. 40 жылға жуық уақытта болған орны толмас күйзелістер туралы ол кезде ешкім ойламаған еді.

Жергілікті қарапайым халық, арақ кез келген науқасқа шипа болады дегенге сеніп, саңырауқұлақ іспетті ядролық бұлттың өсіп-ұлғаюын қызыға тамашалаған болатын.  Бұл өлімнің азуына бас сұққанмен тең еді. Бүгіндері Семей ядролық сынақ полигонына жақын орналасқан елді-мекендердің халқы арасынан 60 жасқа жеткен адамдар бірең-сараң. Радиациялық сәулелердің кесірінен гендік мутацияларға ұшыраған, физикалық ауытқулары бар нәрестелер дүниеге келуде. БҰҰ деректеріне сәйкес Қазақстанда 1,5 миллионға жуық халық ядролық сынақтардың зардабын шегіп отыр. Сәулеленудің кесірінен: дүниеден ерте озу, шипасыз ауруға ұшырау, туа біткен физикалық ауытқулар, секілділері кең таралған.

Өткенді өзгерту мүмкін емес, алайда келешекті өзгерту мүмкіндігі бар. Қазақстанның ғаламдық бастамасы, АТОМ жобасы арқылы Қазақстан ядролық қарудан азат әлемнің жаңа болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосып отыр.

Атап айтсақ, Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні – Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы. Бұл бастама БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан бірауыздан қолдау тауып, бүгіндері 29 тамыз Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні ретінде аталып отыр.

АТОМ жобасы осы салтанатты күнге байланысты бірнеше іс-шараны жүзеге асыруды қолға алды.

Тамыздың 25-нен 31-не дейін Астана қ. Тәуелсіздік сарайында Қазақстандағы ядролық сынақтардың тарихы мен ядролық қарусыздануына қатысты және АТОМ жобасының Құрметті елшісі Карипбек Куюковтың суреттерінің көрмелері өткізілуде. Карипбектің ата-анасы радиацияға ұшырауының кеселінен ол шолақ болып туды. Дегенмен, ол маңдайына жазған барлық қиындықтарды жеңе білді. Антиядролық қозғалыстың белсендісіне айналды. Өз туындыларын қаламсап пен шашақтарды аузына тістеп, немесе бақайларының арасына қысып отырып салады. Оның салған суреттерінде ядролық сынақтардың құрбандары, өзінің ауыр тағдырынан көріністер бейнеленген.

27 тамызда Куала-Лумпурдағы Малайзияның Ұлттық галереясында АТОМ жобасының арнайы бастамасымен Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай көрмесі ашылды.

27-28 тамызда Астана қ. Тәуелсіздік сарайында Әлем дәрігерлері ядролық қаруға қарсы (IPPNW) қозғалысының 21-ші көнгрессі өтеді.

28 тамызда Мәскеу қ. Қазақстандық ресми өкілдердің және сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел ұйымдастырылады. Пікір-таластың тақырыбы қазіргі замандағы антиядролық қозғалыстың рөлі.

29 тамызда Қазақстанның бастамасымен шетелдік әріптестердің атсалысуымен басқа да іс-шаралар өткізілу жоспарланған.

«Невада-Семей» қозғалысының 25 жылдығына орай Семей қ. халықаралық конференция өтеді.  АҚШ-тың Невада қ. американдық ядролық сынақтардың орталығы ретінде әлемге танымал. Аталған екі шаһар арасында тығыз байланыстар орнатылған.

Минск қ. Тәуелсіздік алаңында Қазақстанның ресми өкілдері белорус тарапымен бірге Семей топырағы салынған құтысы бар «Нагасаки қоңырауы» атты ескерткішке гүл шоғын қою рәсімін өткізбек.

Сонымен қатар, АТОМ жобасы әлемдегі ядролық сынақтардың барлық құрбандарын еске алу үшін 29 тамызда жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сағат 11.05-те үнсіздік минутасын сақтауға үндейді. Осы уақыттың таңдалу себебі дәл сол мезгілде сағат тілдері латын V әрібін көрсетіп, Жеңіс белгісін (латыншадан “Victory”) меңзейді. Ол ақыл-ойдың қорқыныштың алдындағы жеңісінің және ядролық қарудан азат әлемді құрудың белгісі.

www.TheATOMProject.org/100k/ сілтемесі арқылы өтіп, ядролық сынақтардың құрбандарын еске алып, ядролық сынақтардан азат әлем құруда АТОМ жобасына 100 000 дауыс жинауға көмек бере аласыздар.

Жоба туралы толық ақпаратты www.TheATOMProject.org сілтемесі арқылы біздің сайтымыздан, немесе info@TheATOMProject.org поштамызға хат жазу арқылы алуға болады.