навигация

АТОМ жобасы 29 тамыздағы Үнсіздік минутына қосылуға шақырады

25 тамыз 2015

АСТАНА – АТОМ жобасының 29 тамызда – БҰҰ  Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні – ядролық қару сынақтарының құрбандарын еске алу құрметіне үнсіздік минутын өткізуге шақыру ұраны дәстүрге айналды.

«Біз дүниежүзінің барлық адамдарын жергілікті сағат 11:05-те үнсіздік минутын өткізуге шақырамыз», – деді АТОМ Жобасының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков. «Осы уақытта сағат тілдері «жеңіс» ұғымын (ағылш. «victory») білдіретін «V» белгісін көрсетеді. Ол үрейді жеңу және «ядролық қаруға қарсы әлем» үшін күрес жолындағы жеңісті білдіреді.

Биыл АТОМ Жобасының тобы Дзюдо ардагерлері федерациясымен бірлесіп, ядролық қарусыз әлемге берік сенімімен қаланың «Алау» мұзайдыны сарайы алдында бейбіт митинг өткізуді жоспарлап отыр. Федерация дзюдошылары ядролық жарылыс құрбандарының естелігіне аспанға ақ көгершіндер мен үрмелі ақ шарларды ұшырып,  сағат 11:05-те үнсіздік минутын өткізеді.

2012 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен ірі халықаралық парламенттік конференцияда сөз сөйлеп, ядролық сынақтарды біржолата тоқтату және, нәтижесінде, ядролық қарудан азат болу жөніндегі жаһандық қолдауды көздеген АТОМ жобасын жария етті.

Қазіргі уақытта әлемнің 100-ден астам елінің 200 000-нан астам тұрғыны петицияға қол қойды. Петицияға қосылу үшін келесі сілтеме арқылы өтуіңізді сұраймыз: www.TheAtomProject.org/100k.

Тамыз айының басында қазақстандықтар 1945 жылы 6 және 9 тамызында Хиросима мен Нагасакиде жарылған бомбалар нәтижесінде қаза тапқан оң мыңдаған жапондықтардың қайғысын бөлісіп, Отан Қорғаушылар монументі жанында еске алу митингін өткізді. Сол жан түршігерлік ядролық жарылыстар 130 мыңға жуық жапондықтардың қазасына әкеп соқты.

Екі елдің тағдырында орын алған ядролық жарылыстар ондаған жылдар бойы Жер Анаға орны толмас зиян келтіріп, миллиондаған адамдардың өмірін қиды. 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп белгілеу бастамасымен шыққан Қазақстан 1949-1991 жылдар аралығында КСРО 450-ден астам ядролық қару сынақтарын жүргізгенін есте сақтап, ядролық қару таралуын тоқтатуда түрлі бастамалар ұсынып, басты рөл атқаруға дайын.

Жапонияның Қазақстандағы елшісі Камохара Масаёши 6 тамызда сөйлеген сөзінде «Жапония халқы дүние жүзін осындай қайғылы әрекеттерді қайталамауға шақырады» деді. Қазір әлемде 16 000 данадан астам ядролық қару бар екенін атап өтіп, «бұл бүкіл адамзаттың көзін жою үшін жеткілікті және сонысымен қауіпті», – деп айтты.

Жапония және Қазақстан қыркүйек айынан бастап екі жыл бойы Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы келісімшарттың (ЯСЖТК) күшіне ену жөніндегі конференциясына бірлесіп тең төрағалық етеді. Келісімшарттың XIV бабына сәйкес, аталған елдер 2013 жылдан бері конференцияда төрағалық еткен Мажарстан және Индонезиядан сыртқы істер министрлерінен төрағалық борышын өз мойнына алады.

www.projectforthectbt.org сайтында көрсетілгендей, «ЯСЖТК XIV бабы бойынша, Келісімшарт қол қойылған сәттен бастап (1996 жыл) үш жыл ішінде күшіне енбесе, қатысушы елдер ЯСЖТК-ның күшіне енуін қамтамасыз ету үшін ратификациялау үдерісін жеделдетуге бағытталған шараларды талқылау үшін әр екі жыл сайын конференцияның өткізілуін талап ете алады. Биылғы конференция 1999 жылы бірінші рет өткізілген сәттен бері тоғызыншы болмақ».

ЯСЖТК ядролық жарылыстардың әскери және азаматтық мақсаттағы қайсыбір түріне, өткізілу ортасына қарамастан, түбегейлі тыйым салады. Келісімшарт 1996 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясымен қабылданған болатын, бірақ оның күшіне енуі үшін, 8 ел – Қытай, Мысыр, Үндістан, Иран, Израиль, Солтүстік Корея, Пәкістан және АҚШ оған қол қойып, ратификациядан өткізуі тиіс. Келісімшартқа 183 ел қол қойып, 164-і  ратификациялағанына қарамастан, жоғарыда аталған мемлекеттер көпшіліктің науқанына қосылмай жүр.

БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун алдағы Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күніне орай 17 тамызда сөйлеген сөзінде «ЯСЖТК бойынша келіссөздердің аяқталғанына жиырма жылдай толды, оның күшіне енетін уақыт болды, – деп, – Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы келісім-шарттың (ЯСЖТК) ядролық қарудың көзін жою мәселесінде маңызы зор. Ол ядролық қарудың сандық және сапалық дамуын қысқартуында заңды, міндетті әрі дәлелді тетік болып табылады», – деп атап өтті.

«Осы халықаралық күнде мен қалған елдерді, әсіресе, олардың қол қоюынсыз Келісім-шарттың өз күшіне енуі мүмкін болмайтын сегіз мемлекетті Келісімшартқа қол қою мен оны ратификациялауға тағы шақырамын» деп Пан Ги Мун өз сөзін жалғастырды. Себебі, бұл – «ядролық қарусыз әлем» жолындағы маңызды қадам. АТОМ Жобасы ядролық қару сынақтарын тоқтату және ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу үшін қолдауды біріктіруге арналған халықаралық науқан болып табылады.

АТОМ Жобасы ядролық сынақтардан зардап шеккен адамдардың тағдырларын баяндайды. Қаншама жылдар бұрын ядролық жарылыстар нәтижесінде дертке шалынған адамдардың қазіргі ұрпақтары осы күнге дейін ауыр сырқаттармен дүниеге келеді.

2012 жылы тамызда Астанада өткен конференцияда Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің ядролық сынақтардың қайғылы салдарын дүние жүзі қауымдастығының есіне түсіру және дүниежүзілік қоғамды осындай сынақтардан толық құтылуға қол жеткізу үшін батыл шешімдерге қарай ілгерілету мүмкіндігіміз бар» деді. «АТОМ жобасына сәйкес, ядролық қаруға қарсы кез-келген адам онлайн түрде петицияға қолын қоя алады, бұл өз кезегінде әлемнің барлық үкіметтерін ядролық сынақтардан толық бас тартуын және Ядролық сынақтарға жан-жақты тыйым салу туралы келісімшарттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз етеді. Мен конференцияға қатысушыларды және барлық адамдарды өз қалауымен АТОМ Жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құруды барлығымыздың ортақ басты мақсатымыз етуге шақырамын».

«Біз, 29 тамызда өтетін Ғаламдық Үнсіздік Минуты әлемді осы мақсатқа бір қадамға жақындата түседі деп үміттенеміз», – деді Семей полигоны қасында тұрған жанұяда туылған атақты қолы жоқ суретші Күйіков.