навигация

Ядролық ессіздік тоқтауы шарт. Бітті.

14 қараша 2014

АТОМ жобасының Құрметті елшісі Карипбек Куюков

karipbek with paintingХалықаралық ядролық сынақтарға қарсылық күні, тамыздың соңына, 29-на келуі, жаздың аяқталуын және одан кейін келетін кәрлі заманды күтетінімізді меңзейді.

Менің айтайын дегенім, біреуге таңсық, ал басқаға мүлдем жаңалық болып естілуі мүмкін. Негізінен, бұл – менімен салыстырғанда сәттірек адамдарға қатысты. Ал, басқаларға еш ұмытылмауы тиіс, бұрыннан таныс, өмірлік оқиға болуы ықтимал. Бүгін ядролық қаруды сынаудың адамазғысыз зардаптары туралы баяндап бергім келеді.

Мүмкін, араларыңызда білетіндеріңіз де бар болар, мен Қазақстанның шығысында орналасқан Семей ядролық полигонынан 100 км жерде дүниеге келдім. Қырық жылдан астам уақыт ішінде Кеңестер Одағы кезінде сыналған 600-ден астам ядролық сынақтың 450 жарылысы дәл осында өтті. Бұл сынақтардың кесапаты жақын маңдағы тұрғындардың ағзасына ауыр тигені хақ. Осы айтқаныма мына – Мен куәмін, әке-шешеме жылдар бойы радиобелсенді сәулелердің әсері болғандықтан шолақ болып тудым.

Ең сорақысы – ядролық сынақтардың әсерінің бар екенінен бейхабар едік. Сол себепті менің бүгінгі жолдауымның арқауы – бұдан былай білместікке жол бермеуіміз қажет.

Адамдар менен, сенің шолақ болып тууыңа радиобелсенді сәулелелердің әсері болғанына иланасың ба, деп жиі сұрайды. Егер олар менің жерлестерім болса, онда мұндай сауал қоймас еді. Иә, менің шолақ болып тууыма ядролық сынақтардан кейін жауған радиобелсенді жауын-шашынның әсері болды және елде мендейлер көп.

Елде көптеген аналар мен акушерлердің дүниеге келген сәбилерден шошынғанын өз көзіммен көрдім. Балаларын жұртқа көрсетуге батпай, бөтен көзден тығып бағып, анда-санда ғана ауа жұтып, күннің көзін көруге шығарып отырған отбасыларын танимын. Радиацияның кесірінен өрбіген «жаман аурудан» түгел әулетімен құрыған отбасылар мен ауылдарды көрдім. БҰҰ мәліметтеріне сүйенсек, 1949-1991 жылдар арасында өткен ядролық сынақтардан Қазақстанда 1,5 миллионға жуық адам зардап шеккен көрінеді.

Елдегі қаншама бейнет пен қасіреттің куәсі болғанымды мен ғана білем. Сондықтан, менің буыным ядролық сынақтардың ауыртпалығын және орны толмас зардабын шеккендердің соңғы буыны болатынының кепілдігі үшін барымды саламын деп шештім, сол себепті антиядролық қозғалыстың белсендісіне айналдым. Салған суреттерім арқылы ішімдегі терең мұңымды шертем. Шашақты аузыма тістеп, немесе аяғымның бармақтарының арасына қысып алып, өз ойымды, ішімдегі зарды қағаз бетіне көшіремін. Менің көргенімді ешкімнің басына бермесін. Бұны болдыртпау – борышым деп білемін.

Бүгінгі күні мен халықаралық қауымдастықтың назарын ядролық қауіпті жою мәселесіне аудару бойынша АТОМ Жобасы онлайн-кампаниясының Құрметті елшісі болып табыламын.

Осы жоба қолға алынған 2012 жылдан бері Кеңестер Одағындағы ядролық сынақтардың зардабы туралы көп баяндалды. Содан бері жер-жерді аралап, ядролық жарылыстар мен сынақтардың салдары туралы көпшілікке жеткізуге тырыстық. Сол сапарларымның арқасында көптеген адамадармен танысып, достасып кеттім. Олардың қатарында АТОМ жобасын құптаған белсенді қоғамшылдар және ядролық мәселеге қызығушылық пен жанашырлық танытқан қарапайым адамдар да бар. Солардың қолдауының арқасында ісімізді ілгерілетіп, таңдаған жолымыздың дұрыс екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Ісімізді 100-ден астам елдерден 90 000-нан астам адам қолдады. Біздің бүгінгі бас мақсатымыз үстіміздегі жылдың 29 тамызына қарай 100 000 қол жинау болып табылады. Егер сіз бізге әлі де қосылмасаңыз, бұл істі кез келген уақытта жүзеге асыра аласыз. Қаласаңыз, әрқайсысыңыз Жобаның www.theatomproject.org сайтында петицияға қол қойып, ядролық қаруы жоқ әлемді құруға үлесіңізді қосуға болады.

Ал, енді, осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс туралы айтып кетейін. Алғашқы қадам 1991 жылы, тәуелсіз Қазақстанның әлі Президенті емес, бірақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Кеңес үкіметінің келіспегеніне қарамастан, Семей ядролық полигонын жапқанда жүзеге асты.

Осы уақытта Украина, Беларусь және Оңтүстік Африка басшылықтарымен ұқсас шешімдер қабылданып, бұл елдер де ядролық қару мен ядролық бағдарламалардан бас тартты. Қазақстан, өз кезегінде, дүниежүзінде көлемі бойынша 4-ші орында тұрған, әрқайсысы тротил эквивалентінің 1 мегатонна қуатына тең 1000-нан астам ядролық қарудан тұратын арсеналдан бас тартты.

1996 жылы Ядролық сынақтарға толық қамтылған тыйым салу туралы шартына қол қойылды. Сол кезден 183 мемлекет шартқа қол қойып, 162-сі ратификациялады. Бірақ бұл келісімшартқа келесі сегіз ел қол қойып, ратификация рәсімін өткізбесе, еш уақытта ол өз күшіне ене алмайды: АҚШ, Мысыр, Израиль, Иран, КХДР, ҚХР, Пәкістан және Үндістан.

Ядролық қару құрбандарының атынан мен осы мемлекеттер басшылары мен заңшығарушыларынан келісімшартқа қол қойып, ратификациялауды өтінемін. Болашақ ұрпақты ядролық сынақтардың залалды әсерінен қорғап, қауіпсіздігіне кепілдік беруге көмектесуді сұраймын.

Менің АТОМ Жобасына қосылғанымның себебі – ол осыдан ондаған жыл бұрын бастаған борышымды аяғына дейін жеткізу үшін маған дем берді, шабыттандырды. Планетамыздағы ядролық арсеналды толығымен жою келесі ұрпақтың міндетіне айналар ма екен, білмеймін. Бір білетінім анық – әрбір адам ондаған жылдар бойы жасырылған ядролық сынақтарының салдары туралы ақиқатты білуі шарт. Бұл борышымды орындауға міндеттімін.

90-жылдардың басында мен АҚШ-тағы шошондар үнді тайпасының көсемін кездестірген болатынмын. Ол мені көре салысымен, көзінен жасы ағып, аяғына жығылып, төменге қарап, бір нәрсені сыбырлап айтты. Қасымдағы тілмаш, ол Жерден кешірім сұрап жатыр деп сөзін аударып берді. Бұл көрініс осы күнге дейін көзімнің алдында, ешқашан ұмытпаспын.

Кейінірек ол мені және менің достарымды жер шарын соншалықты қорлаудың қаупі туралы әлемді ақпараттандырып тұруды жалғастыра беруді өтінді. Міне, сол кезден бастап қазіргі уақытқа дейін бұл менің борышыма айналды. Аталған зардаптарады тудырып отырған ядролық сынақтардың барлық қасіретін санасына сіңірген және осы зұлымдықты толығымен тоқтатуға жеткілікті адамадардың басын қоспайынша, бұл менің борышым болып қала бермек.

Мен шолақпын, басқа біреумен қол алысудың қандай екенін білмеймін. Бірақ сурет салу үшін аяқтарым бар, сөйлеуге мүмкіндік беретін дауысым бар, бейбіт уақытта ядролық қарудың салдарынан болатын зардап туралы барлық мүмкіндіктерімді пайдалана отырып, шамам жеткенше әлемге жая беремін.

Мүмкін, сіздер маған жетпей тұрған нәрселерді көріп тұрған шығарсыздар, алайда шын мәнісінде мұратымды жалғастырып, оны іске асыру үшін маған керектің бәрі өз бойымда бар. Ең бастысы, мені және мен сияқтыларды басқа адамдар тыңдаса және естісе болды.